• Бас бетке
  • Русский
  • English
  • Кыргызча
  • Қазақша
  • Azərbaycan
  • Ўзбекча
  • Uzbekcha
  • Deutsch
  • Белару́сский
  • Latviešu valoda
  • 中文
  • العربية

GMC

Гаага конвенциясы

Гаага конвенциясы. Апостильді мойындайтын мемлекеттер тізбесі.

Шетелдік ресми құжаттарды легализациялау талабын жоятын конвенция (Гаага, 1961 жылдың 5 қазаны)

Осы Конвенцияға қол қойған мемлекеттер шетелдік ресми құжаттарды елшілік немесе консульдық легализациялау талабын жою мақсатында Конвенция жасауды шешіп, келесі ережелермен келісті:

1-бап

Осы Конвенция келісімге отырған мемлекеттердің бірінің территориясында жасалып, келесі келісімге отырған мемлекеттің территориясында ұсынылуы тиіс ресми құжаттарға таралады. Ресми құжаттар ретінде осы Конвенцияда: а) прокуратурадан, сот хатшысы немесе сот орындаушысынан шығатын құжаттарды қоса алғанда, мемлекет юрисдикциясына бағынатын органнан немесе лауазымды тұлғадан шығатын құжаттар; b) әкімшілік құжаттар; c) нотариалдық актілер; d) ресми белгілер, мысалы, тіркеу туралы таңбалар; нақты мерзімді көрсететін  визалар; нотариуста куәландырылмаған құжаттағы қолтаңбаны куәландыру қарастырылады. Бұған қоса осы Конвенция келесі құжаттарға: a) елшілік немесе консулдық агенттер жасаған құжаттарға; b) сауда немесе кеден операциясына тікелей қатысты әкімшілік құжаттарға таралмайды.

2-бап

Келісімге отырған мемлекеттің әрқайсысы осы Конвенцияның күші тарайтын және оның аумағында ұсынылуы тиіс құжаттарды легализациялаудан босатады. Осы Конвенцияда легализация ретінде қолтаңбаның түпнұсқалылығын, құжатқа қол қойған тұлғаның сапасын және қажет болғанда осы құжат бекітілген мөр немесе мөртабанның түпнұсқалылығын куәландыру үшін территориясында құжат ұсынылуы тиіс мемлекеттің елшілік немесе консулдық агенттерімен қолданылатын формальды шара танылады.

3-бап

Құжат дайындалған мемлекеттің құзіретті органының 4-бапта көрсетілген апостильді қоюы қолтаңбаның түпнұсқалылығын, құжатқа қол қойған тұлғаның сапасын және қажет болғанда осы құжат бекітілген мөр немесе мөртабанның түпнұсқалылығын куәландыру үшін талап етілуі мүмкін жалғыз формальды шара болып табылады. Алайда құжат ұсынылған мемлекетте әрекет ететін заңдар, ережелер мен әдет-ғұрыптар немесе бір не бірнеше мемлекет арасындағы келісім осы шараны жойып, жеңілдетеді немесе құжатты легализациядан босатады, мұндай жағдайда алдыңғы азат жолда айтылған қызмет  талап етілмейді.

4-бап

3-баптың бірінші азат жолында ескерілген апостиль құжаттың өзіне немесе құжатқа тіркелген бөлек параққа қойылады; ол осы Конвенцияға қоса берілген нұсқаға сай келуі тиіс. Алайда беруші органның ресми тілінде де құрастырылуы мүмкін. Онда көрсетілген тармақтар екінші тілде мазмұндалуы мүмкін. «Apostille (Convention de la Haye du 5 octobre 1961)» тақырыбы француз тілінде беріледі.

5-бап

Апостиль қол қойған тұлғаның немесе кез келген құжат ұсынушысының өтініші бойынша қойылады. Белгіленген тәртіппен толтырылған ол қолтаңбаның түпнұсқалылығын, құжатқа қол қойған тұлғаның сапасын және қажет болғанда осы құжат бекітілген мөр немесе мөртабанның түпнұсқалылығын куәландырады. Апостильге қойылатын қолтаңба, мөр немесе мөртабан ешқандай куәландыруды талап етпейді.

6-бап

Келісімге отырған мемлекеттің әрқайсысы ресми қызметтерін ескере отырып, 3-баптың бірінші азат жолында көрсетілген апостиль қоюға өкілеттілік берілетін органдарды тағайындайды. Ол өзінің ратификациялау грамотасын, немесе қосылу туралы грамотасын, я болмаса қызметті тарату туралы өтінішін сақтауға беру сәтінде Нидерландының Сыртқы істер министрлігіне осы тағайындау туралы мәлімдейді.  Бұған қоса осы органдарды тағайындаудағы кез келген өзгерістер туралы да Министрлікке мәлімдеп тұрады.

7-бап

6-бапқа сәйкес тағайындалған органның әрқайсысы апостильдерді тіркейтін жазбалар кітабын немесе карточкасын жүргізуі тиіс, мұнда: а) апостильдің реттік нөмірі мен қойылу күні; b) ресми құжатқа қол қойған тұлғаның аты-жөні, қол қойылмаған құжаттарға қатысты – мөр немесе мөртабан қойған орган көрсетіледі. Апостиль қойған орган кез келген қызығушылық танытқан тұлғаның талабы бойынша жазбалардың жазбалар кітабына немесе картотекаға енгізілген мәліметтермен сәйкестігін тексеруі тиіс.

8-бап

Егер келісімге келуші бірнеше мемлекет арасында қолтаңбаны, мөр немесе мөртабанды куәландыру үшін белгілі бір формальдылықты талап ететін ережелер көрсетілген шарттар, конвенция немесе келісімдер жасалған болса, осы Конвенция бұл ережелерден тек онда көрсетілген формальдылық 3 және 4-баптарда көрсетілген формальдылықтан қатаң болған жағдайда шегінуді көздейді.

9-бап

Шарттасушы әрбір мемлекет өзінің елшілік немесе консулдық агенттерінің осы Конвенциямен босату көзделген жағдайда легализация жүргізбеулері үшін қажетті шараларды қабылдайды.

10-бап

Осы Конвенция халықаралық жеке құқық бойынша Гаага конференциясының тоғызыншы сессиясында ұсылған мемлекеттер, сонымен қатар Ирландия, Исландия, Лихтенштейн және Түркия үшін де жариялы болып табылады.  Ол ратификациялануға тиесілі және ратификацияланған грамоталар Нидерландының Сыртқы істер министрлігінің сақтауына беріледі.

11-бап

Осы Конвенция 10-баптың екінші азат жолында көрсетілген ратификациялық грамотаны сақтауға беру мерзімінен кейін алпысыншы күні заңды күшіне енеді.  Кейінірек ратификацияланып, Конвенцияға қол қойған мемлекеттің әрқайсысы үшін өзінің ратификациялау грамотасын сақтауға бергеннен кейінгі алпысыншы күні күшіне енеді.

12-бап

10-бапта аты аталмаған кез келген мемлекет 11-баптың бірінші азат жолына сәйкес осы Конвенция күшіне енгеннен бастап оған қосыла алады. Қосылу туралы құжат Нидерланды Сыртқы істер министрігінің сақтауына беріледі. Қосылу тек қосылушы мемлекет пен 15-баптың «d»-тармағында көрсетілген мәлімдеме алынғаннан кейінгі алты ай ішінде келісуші мемлекеттер қарсылық білдірмеген жағдайда әрекетті болады. Мұндай қарсылық білдіру туралы мәлімдеме Нидерландының Сыртқы істер министрлігіне жіберіледі. Конвенция қосылушы мемлекет пен қосылуға қарсылық танытпаған мемлекеттер арасында алдыңғы азат жолда көрсетілген алты айлық мерзім өткеннен кейінгі алпысыншы күні заңды күшіне енеді*.

13-бап

Қол қою, ратификация немесе қосылу сәтінде кез келген мемлекет осы Конвенция ол халықаралық деңгейде танытатын барлық территорияға немесе бір немесе бірнеше территорияға тарайды деп мәлімдеуі мүмкін. Бұл мәлімдеме осы мемлекет үшін Конвенция заңды күшіне енген сәттен бастап әрекетті деп танылады. Бұдан әрі Нидерланды Сыртқы істер министрлігі қызметтің осындай кез келген таралуы туралы мәлімдейді. Егер қызметті тарату туралы өтінішті Конвенцияға қол қойған және ратификациялаған мемлекет жасаса, Конвенция онда көрсетілген территорияларға қатысты күшіне 11-бап ережелеріне сәйкес енеді. Егер тарату туралы өтініш Конвенцияға қосылған мемлекетпен жасалса, Конвенция заңды күшіне онда көрсетілген территорияларға қатысты 12-бап ережелеріне сәйкес енеді. 

14-бап

Осы Конвенция 11-баптың бірінші азат жолына сәйкес күшіне ену мерзімінен бастап бес жыл ішінде, оған қоса оны ратификациялап, кейінірек қосылатын мемлекеттерге қатысты әрекетті болады. Конвенция денонсирленбеген жағдайда оның қызметі жақтардың үнсіз келісімі бойынша әрбір келесі бес жыл мерзімге ұзартылады. Нидерландының Сыртқы істер министрлігі денонсация туралы бес жылдық мерзім бітпестен алты ай бұрын мәлімдейді.  Денонсация Конвенция қызметі тарайтын кейбір территориялармен шектелуі мүмкін. Денонсация тек ол туралы мәлімдейтін мемлекеттерге қатысты күшке ие болады. Конвенция шарттасқан өзге мемлекеттерге қатысты күшінде қалады.

15-бап

Нидерландының Сыртқы істер министрлігі 10-бапта көрсетілген мемлекеттерге, сонымен қатар 12-бап ережелеріне сәйкес қосылған мемлекеттерге: а) 6-баптың  екінші азат жолында айтылатын мәліметтер туралы; b) 10-бапта айтылатын қол қоюлар мен ратификациялар туралы; с) 11-баптың бірінші азат жолының ережелеріне сәйкес осы Конвенцияның күшіне ену күні туралы; d) 12-бапта айтылған қосылулар мен қарсылық білдірулер және қосылулардың күшіне ену мерзімі туралы; е) 13-бапта айтылған әрекеттердің таралуы туралы және оның күшіне ену мерзімі туралы; f) 14-баптың үшінші азат жолында айтылған денонсациялар туралы мәлімдейді.

Осыны куәландыру үшін белгілі ретпен өкілеттендірілген төмендегі қол қоюшылар осы Конвенцияға қол қойды.

1961 жылы Гаага қаласында француз және ағылшын тілдерінде (мәтіндер арасында алшақтық байқалған жағдайда артықшылық француз мәтініне беріледі), Нидерланды Үкіметінің мұрағатына сақтауға берілетін жалғыз данада жасалып, оның куәландырылған көшірмесі елшілік арналар бойынша  халықаралық жеке құқық бойынша Гаага конференциясының тоғызыншы сессиясында ұсынылған мемлекеттердің әрқайсысына, сонымен қатар Ирландия, Исландия, Лихтенштейн және Түркияға жіберіледі.

Ескерту:

- 21.08.1964 жылғы және  24.02.1965 жылғы Гаага конвенциясының 13-бабына сәйкес Ұлыбритания Үкіметі Конвенция қызметінің келесі территорияларға таралуы туралы мәлімдеме жасады:

Джерси

Бейлиуик Гернси

Мэн аралы

Бермудтар

Британдық Антарктикалық территория (Аргентинамен дауласуда)

Кайман аралдары

Фолкленд аралдары (Аргентинамен дауласуда)

Гибралтар

Гонконг (қазіргі таңда Қытай юрисдикциясына өтті)

Монтсеррат

Қасиетті Елена

Терк және Кайкос аралдары

Виргин аралдары

(Бұған қоса көрсетілген мәліметтерде қазіргі таңда тәуелсіздік алған территориялар да аталған).

- Нидерланды Корольдігі 1967 ж. 1 наурызда 1966 жылдың 30 сәуірінен Конвенция қызметінің нидерландық Антиль аралдарына тарайтындығы туралы мәлімдеме жасады.